«Астана қаласының 2019 – 2023 жылдарға арналған жинақы құрылысы жөніндегі кешенді жоспарын бекіту туралы» мәселесі бойынша ҚР Үкіметінің отырысында Астана қаласы әкімі Б.Т. Сұлтановтың баяндамасы

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында, әкімдікпен Астана қаласының 2019-2023 жылдарға арналған жинақы құрылысы жөніндегі кешенді жоспардың жобасы әзірленіп, Үкімет отырысының қарауына ұсынылып отыр. Жоба мүдделі мемлекеттік органдармен келісілген.


Игеру аумағының шекаралары 25 мың жеті жүз гектардан 15 мың төрт жүз гектарға дейін оңтайландырылды және 5 перспективалы құрылыс салу аймағы анықталды (Мыңжылдық аллеясы мен «Нұрлы жол» темір жол вокзалы; Мәңгілік Ел даңғылы; Тұран даңғылынан батысқа қарай; Телман кентінен оңтүстікке қарай; Асан Қайғы көшесі ауданын жаңарту).


Халықтың көші-қон және туу көрсеткіштерінің өсуі есебінен халық санының жыл сайын орташа есеппен 2,5 процентке ұлғаюы күтіледі (2023 жылға қарай шамамен 1 млн 500 мың адам) және 2030 жылға қарай шамамен 2 млн адамға жету жоспарлануда.


Болжам бойынша экономика өсімінің жыл сайынғы қарқынының 4 проценттен 6 процентке дейін өсу салдарынан, 2023 жылға қарай елорданың Жалпы өңірлік өнімі 70% процентке ұлғайып, 10 трлн теңгеден асады.


Бұдан басқа, шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 216 мыңнан асып, 37 проценттен астам өседі. Өңірлік жалпы өнімде шағын және орта бизнестің үлесі 2023 жылы 57 процентке дейін өседі (2018 жылы – 50,5%).


Экономика мен салық салынатын база өсімінің күтілетін қарқыны Жергілікті бюджет кірісінің 43,7 процентке355 млрд теңгеге дейін ұлғаюын қамтамасыз етеді.


Астана қаласынан республикалық бюджетке жыл сайынғы түсімдер 14 процентке, 2018 жылғы 823 млрд теңгеден 2023 жылы 940 млрд теңгеге дейін өседі.


Сонымен қатар, алдағы 5 жылдың ішінде елорданың дамуына шамамен 6 трлн теңге жеке инвестиция салынады. Осылайша, 1 теңге мемлекеттік инвестицияға 4-5 теңге жеке капитал салынатын болады. Өз кезегінде, бұл әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымның кеңеюіне, сондай-ақ тұрғын үй құрылысының өсіміне мүмкіндік туғызады.


Аумақтарда белсенді құрылыс салу 2023 жылға дейін шамамен 10 млн шаршы метр тұрғын үй енгізілімін қамтамасыз етеді. 


Көліктендіру деңгейінің 8-9 процентке дейін жыл сайынғы ұлғаюын ескере отырып, 2023 жылға дейін 121 км жол, 2 жол айрығын, 3 көпір, 1 жол өтпесін, 1 тоннель салу және 1 айналма жолды аяқтау жоспарлануда.


Көлік қаңқасын құру елорда жолдарында көліктік коллапстың туындауына жол бермеуді және қаланың негізгі магистральдарынан 50 процентке жүктемені төмендетуге мүмкіндік береді.


Нақты шешімді қажетсінетін Астананың өзекті мәселелерінің бірі — нөсерлі кәріз.


2019 жылдың соңына қарай нөсерлі кәріздің қолда бар тазалау құрылыстарын реконструкциялау және жаңаларын салу жұмыстарын өткізу жоспарланады. Бұл 17 мың гектар ауданды қамтуға (Жастар шағын ауданы, Ақбұлақ, Өндіріс тұрғын алаптары, Ш. Құдайбердіұлы даңғылы ауданы, Мыңжылдық аллеясы, «Нұрлы жол» темір жол вокзалы, Әскери қалашық) және жер үстіндегі сулардың кедергісіз кетуіне мүмкіндік береді.


Су жинаудың жалпы алаңы 13 мың гектардан 23 мың гектарға дейін өседі, бұл 2030 жылға дейін игеру алаңының 66 процентке (34,6 мың га) немесе 2020 жылға нөсерлі кәріз желісіне ағын сулар алаңның 96,5 процентін (23,8 мың га) құрайды.


Халыққа сапалы қызметтермен қамтамасыз ету үшін 150 км сумен қамту желілерін және 81 км су бұру желілерін салу күтілуде.


Екінші Жылу электр орталығын кеңейту және қайта жаңарту қосымша 2~2,5 млн шаршы метр тұрғын және коммерциялық алаңды орталықтандырылған жылу жүйесімен қамтамасыз етеді.


Үшінші Жылу электр орталығының бірінші кезегін салу қаланың батыс және солтүстік бөлігінің жылумен қамтамасыз етеді. Ал қуаттылығы сағатына 418 Гкал үшінші Жылу электр орталығының екінші кезегін салу Мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы жоспарланады.


Сондай-ақ, 110 кВ үш қосалқы станциясын салуды және кабельдік желіге қайта жайластырумен 110 кВ ауа желілерін қайта жаңартуды көздейді. Бұл ЛРТ, Мыңжылдық аллеясы, Железнодорожный кентін электрмен қамтуға, қаланың оңтүстік-батыс бөлігінде жүктемені төмендетуге мүмкіндік береді.


Газдандыру бойынша бірінші кезеңде 2021 жылға қарай Жылу электр орталықтарындағы су жылытқыш және шағын жеке қазандықтарды, сондай-ақ тұрғын-үй алқаптарын (Көктал, Оңтүстік-Шығыс, Шұбар, Family Village, Garden Village, Өндіріс, Агроқалашық, Железнодорожный, Пригородный, Тельман тұрғын алаптары) газ отынына ауыстыру жоспарланады. Бұл зиянды заттар шығарындыларын 30 процентке төмендетуге мүмкіндік береді.


Елбасының тапсырмасын орындау мақсатында Есіл өзенінің арнасын әрі қарай реконструкциялау жұмысын күшейту жоспарланады (12 учаскелер).


Бұдан басқа, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында, қаланың кез-келген тұрғын ауданынан 20 минуттық қадамдық қолжетімділікті қамтамассыз ететін саябақтар мен гүлзарлар салу жоспарланады.


Білім саласында 2023 жылға дейін келіп жатқан адамдардың есебінен контингенттік өсімі 124 мың жаңа оқу орындарын құрайды, оның ішінде тапшылықты 50% жеке-меншік мектептер арқылы, 50% республикалық және жергілікті бюджет қаражаты есебінен (24 мектеп пен 10 жапсаржай) жою жоспарланады.


2019-2023 жылдары шамамен 63 мың орынға 37 мектеп пен 10 жапсаржай салу жоспарланады. Бұл 2021 жылға қарай мектептердегі оқу орындарының тапшылығын жоюға мүмкіндік береді.


Мектепке дейінгі білім саласында 6 млрд теңгеге 6 балабақшаны мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы салу жоспарланады.


Денсаулық сақтау объектілері бойынша мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі белсенді түрде қолданылады.


44,1 млрд теңгеге 13 объект салу, мемлекеттік-жекешелік әріптестік/ республикалық бюджет қаражаты есебінен 30,4 млрд теңгеге тағы да 2 объект салу көзделеді.           


Кешенді жоспарды іске асыру үшін 1 трлн 473 млрд теңге қарастырылады, оның ішінде республикалық бюджет – 946 млрд теңге (мемлекеттік-жекешелік әріптестік/ республикалық бюджет 100 млрд теңге), жергілікті бюджеттен 527 млрд теңге (мемлекеттік бағалы қағаздар шығару – 72 млрд теңге, мемлекеттік-жекешелік әріптестік — 64 млрд теңге).


Сонымен қатар, Кешенді жоспарды іске асыру қаланың да, жалпы елдің де экономикасын дамытуда оң әсер тигізеді. 5 жылдың ішінде бюджетке 7 трлн теңге түседі (республикалық бюджетке – 5,2 трлн теңге, жергілікті бюджетке – 1,8 трлн теңге), сондай-ақ 6 трлн теңге жеке инвестиция тарту жоспарланады. Бұл 300 мың жаңа жұмыс орнын құруға және 3 млн турист тартуға мүмкіндік береді (негізгі жобалдардың іске асырылуында 5 млн турист тартылады).

Қазақстан Президенті Астана активімен кеңес өткізді

Қазақстан Президенті Астана активімен кеңес өткізді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты akorda.kz сілтеме жасап.

Кездесу алдында қалалық мәслихаттың сессиясы өтті. Онда депутаттар Астана қаласының жаңа әкімі Бақыт Тұрлыханұлы Сұлтановтың кандидатурасын бірауыздан мақұлдады.


Нұрсұлтан Назарбаев Ә.Исекешевті Президент Әкімшілігінің Басшысы лауазымына тағайындалуымен құттықтап, жаңа жауапты қызметіне табыс тіледі.


Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ә.Исекешевтің кәсіби біліктілігі мен жеке қасиеттерін атап өтіп, оның елорданы дамыту жолында атқарған жұмысының нәтижелеріне тоқталды.


Қазақстан Президенті Астана қаласының бұрынғы әкімі Ә.Исекешевтің сіңірген еңбегі жөнінде айтып, қаланың жаңа басшылығының алдында тұрған міндеттерді атап өтті.


– Мен елорда әкімін тағайындау мәселесіне зор мән беремін. Қаланы дамыту ісі, соның ішінде Астанадағы бүкіл нысандардың құрылысы үнемі менің жеке бақылауымда. Бұл – мен үшін маңызды басымдық. Бақыт Сұлтановтың мемлекеттік басқару ісіндегі тәжірибесі мол әрі ұйымдастырушылық қабілеті жеткілікті, – деді Елбасы.


Жиын барысында Қазақстан Президенті Астананың жаңа басшылығы алдында тұрған бірқатар басымдығы бар міндеттерді атап өтті.


– Дамудың жаңа моделін енгізу қажет. Инновацияны ілгерілету және креативті адамдардың көбеюі үшін қолайлы орта қалыптастырған жөн. Сол үшін қаланың 2050 жылға дейінгі ұзақ мерзімді даму стратегиясын әзірлеу керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.


Елбасы «Астана» халықаралық қаржы орталығының мүмкіндіктерін пайдалана отырып, Астананы іскерлік қаржы хабы ретінде дамытуды жалғастыру қажет екенін айтты.


Мемлекет басшысы жаңа тұрғын үйлер салу, тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасау, әлеуметтік нысандар тұрғызу мәселелеріне ерекше назар аударды.


Сонымен қатар, Қазақстан Президенті қаланың инфрақұрылымын дамыту қарқынын сақтаудың және шаһарды газбен қамту үшін дайындық жұмыстарын жүргізудің маңыздылығын айтты.


Нұрсұлтан Назарбаев елорданың туристік әлеуетін дамыту ісінде әлемнің үздік тәжірибелерін қолдануды тапсырды.


Елбасы қаланың барлық мемлекеттік құрылымдарының жұмысын трансформациялауды жалғастыру, көрсетілетін мемлекеттік қызмет сапасын арттыру және цифрландыру бағдарламасын іске асыру мәселелерін Астананы одан әрі дамытудың басымдықтары ретінде ерекше атап өтті.


Соңында Ә.Исекешев пен Б.Сұлтанов сенім білдіргені үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтып, бас қаламыз бен бүкіл елімізді дамыту ісіне өздерінің зор үлестерін қосатынын жеткізді.

Мемлекет Басшысының Жарлығымен Бақыт Сұлтанов Астана қаласының әкімі болып тағайындалды

Мемлекет басшысының Жарлығымен Бақыт Тұрлыханұлы Сұлтанов Астана қаласының әкімі болып тағайындалды, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

1971 жылы Алматы қаласында туған. Қазақ ұлттық техникалық университетін және Қазақ мемлекеттік басқару академиясын бітірген. Инженер-электрик, экономист.

1994–1997 жж. – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің жетекші экономисі, мемлекеттік бағалы қағаздар басқармасы бастығының орынбасары – бөлім бастығы.

1996-1997 жж. – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі жанындағы Қазынашылық мемлекеттік қарыз және кассалық қаржы басқармасы бастығының орынбасары.

1997–1998 жж. – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі бюджеттік департаменті директорының орынбасары, мемлекеттік сатып алу жөніндегі департамент директоры.

1998–1999 жж. – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Қазынашылық департаменті директорының орынбасары.

1999–2002 жж. – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі бюджеттік департаменті директорының орынбасары, мемлекеттік бюджет департаменті директорының орынбасары, директоры.

2002-2003 жж. – Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі бюджеттік саясат департаментінің директоры.

2003–2006 жж. – Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрінің орынбасары.

2006–2007 жж. – Қазақстан Республикасы Статистика жөніндегі агенттігінің төрағасы, Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің орынбасары.

2007–2010 жж. – Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі.

Мемлекет басшысының 2010 жылғы наурыздағы Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі болып тағайындалды.

2012 жылдың қаңтарында Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Басшысының орынбасары болып тағайындалды.

6 қарашада Мемлекет басшысының Жарлығымен ҚР Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары қызметінен босатылып, Премьер-Министрдің Орынбасары — ҚР Қаржы министрі болып тағайындалды.

«Құрмет» орденімен және екі медальмен марапатталған.

Отбасылы, үш бала тәрбиелеп отыр.

astana.gov.kz/kz/news/news/15136